ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУДЕ КӨРКЕМ МƏТІНДІ БЕЙІМДЕУ
ПРИНЦИПТЕРІ: ТІЛДІК, МАЗМҰНДЫҚ ЖƏНЕ МƏДЕНИ
АСПЕКТІЛЕР
Г.Шахманова, Г.Искакова, Ə.Таңсықбай
Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау университеті
gulshat.shakhmanova@gmail.com
g.ristina@mail.ru
adilet_2_97@mail.ru
Қазақстан
https://zenodo.org/records/17339648
Аңдатпа. Мақалада қазақ тілін үйрету процесінде көркем мəтіндерді
бейімдеудің теориялық жəне практикалық мəселелері жан-жақты
қарастырылған. Көркем мəтін тіл үйренушілерге ұлттық мəдениет пен
дүниетанымды танытудағы маңызды құрал болса да, оның күрделі құрылымы,
архаикалық сөздер мен ұлттық-мəдени лексемалар оқытуда қиындықтар
туғызады. Осыған орай, зерттеу барысында көркем мəтінді бейімдеудің тілдік,
мазмұндық жəне мəдени аспектілері айқындалып, олардың əдістемелік
ерекшеліктеріне талдау жасалған. Мақалада Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы»
романынан алынған үзінділер арқылы мəтінді жеңілдету мен түсіндірудің, яғни
бейімдеудің жолдары нақты мысалдар арқылы ұсынылады. Жұмыс нəтижелері
қазақ тілін оқытудағы инновациялық əдістердің тиімділігін арттыруға жəне оқуəдістемелік құралдар мен цифрлық ресурстарды əзірлеуге негіз бола алады.
Кілт сөздер: қазақ тілі, көркем мəтін, бейімдеу, лингвистикалық принцип,
мазмұндық принцип, мəдени аспект.
Abstract. This article comprehensively examines the theoretical and practical
issues of adapting literary texts in the process of teaching the Kazakh language.
Although literary texts are important tools for introducing national culture and
worldview to language learners, their complex structure, archaic words, and nationalcultural lexemes create difficulties in teaching. In this regard, the research identifies
linguistic, content, and cultural aspects of adapting literary texts and analyzes their
methodological features. The article presents specific examples of simplifying and
interpreting text, i.e., adaptation, using excerpts from Mukhtar Auezovʼs novel "The
Path of Abai." The results of this work can serve as a basis for enhancing the
effectiveness of innovative methods in teaching the Kazakh language and developing
educational materials and digital resources.
Keywords: Kazakh language, literary text, adaptation, linguistic principle,
content principle, cultural aspect.
Кіріспе. Қазақ тілін үйрету үдерісінде көркем мəтіндерді пайдалану
оқушылардың тілдік дағдыларын дамытып қана қоймай, ұлттық мəдениет пен
құндылықтарымызбен танысуға да кең мүмкіндік береді. Дегенмен, түпнұсқа
мəтіндердің тілдік жəне мəдени күрделілігі, күрделі синтаксистік құрылымдар
мен тілдік оралымдар, ұзақ баяндаулары немесе көнерген сөздердің молдығы
білім алушыларға белгілі бір қиындықтар туғызатыны анық.
Қазіргі таңда қазақ тілін оқытудың жаңа тенденциялары қалыптасып,
дəстүрлі грамматикалық əдістердің орнын коммуникативтік, когнитивтік жəне
цифрлық технологияларға негізделген заманауи тəсілдер алмастыруда. Осы
тұрғыдан көркем мəтіндерді тіл меңгерту процесінде оқыту материалы ретінде
қолдану өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Себебі көркем мəтіндер тек
тілдік білім беріп қана қоймай, тіл үйренушілерді қазақ халқының мəдениеті мен
дүниетанымдық ерекшеліктерін тануға жетелейді, тіл үйренушінің тілдік
дағдыларды дамытады, сөздік қорын байытады, коммуникативтік құзыреттілігін
арттырады.
Алайда көркем əдеби шығармалардың күрделі құрылымы мен ұлттық
лексемаларға бай мазмұны тіл үйренушілердің оларды тікелей қабылдауына
қиындық туғызатыны сөзсіз. Осыған байланысты көркем мəтіндерді тілдік,
мазмұндық жəне мəдени тұрғыдан бейімдеу қазақ тілін үйрету əдістемесінің
маңызды міндеттерінің бірі болып отыр.
Негізгі бөлім. Ең алдымен мəтін ұғымына тоқталып өтейік, қазақ тіл
білімінде «мəтін» ұғымының бірізді, дəл анықтамасы қалыптаспаған. Бұл оның
күрделі табиғатымен жəне басқа тілдік бірліктерден айырмашылығының айқын
болуымен түсіндіріледі. Бірқатар ғалымдар мəтінді сөйлемнің жалғасы немесе
сөйлемнен жоғары тұрған құрылымдық тілдік бірлік ретінде қарастырса, енді бір
зерттеулерде мəтін күрделі семантикалық, прагматикалық жəне мəдени
ақпаратты жеткізетін тұтас коммуникативтік жүйе ретінде сипатталады.
Отандық лингвистикада бүгінгі таңда мəтін мəселесі кеңінен
қарастырылып, əртүрлі қырынан зерттеліп келеді. Мəселен, М.Серғалиев,
Г.Смағұлова, Б.Шалабай, С.Жусанбаева, Г.Кəріпжанова, Г.Əбікенова жəне басқа
да ғалымдар өз еңбектерінде мəтінді көркем мəтін тұрғысынан талдап, оның
лингвистикалық табиғатын ашуға, көркем мəтін семантикасы мен мəтінтүзім
мəселелерін айқындауға үлес қосты. Зерттеулерде көркем мəтінді тілдік жəне
стилистикалық тұрғыдан талдау, оның мағыналық жəне құрылымдық
ерекшеліктерін анықтау бағыттары басым болды.
Профессор Ф.Ш. Оразбаеваның пікірінше, мəтін – адамдар арасындағы
тілдік қатынастың жүзеге асуына негіз болатын жүйелі қатысымдық құрылым.
Ол мəтінді тілдік нормаларға сай арнайы өңделіп, белгілі бір мақсатқа
бағытталған тілдік əрекеттің нəтижесі [1].
Мəтін – коммуникативтік міндеттерді шешуде таптырмас құрал. Тіл
үйренуші мəтіндегі тілдік құралдар арқылы тілді интуитивті меңгеруден бастап,
саналы, дұрыс, шебер қолдануға дейінгі жаңа бір деңгейге көтеріледі [2].
Қазіргі деңгейленген оқу саласы оқыту мен технологиялар тұрғысынан
айтарлықтай ілгерілеуді көрсетеді. Сандық платформалар тіл үйренушілердің
жеке ерекшеліктеріне сəйкес келетін оқыту материалдарын бейімдеуге
мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі заманғы деңгейленген оқу
бағдарламалары жиі мультимедиялық компоненттерді қамтиды, бұл тіл
үйреншілердің қызығушылығын арттырып, əртүрлі оқу стильдеріне бейімделуге
мүмкіндік береді. Бұл жетілдірулер алғашқы практиктер енгізген негізгі
ұғымдарға негізделе отырып, қазіргі тіл үйренушілердің өзгермелі талаптарын
ескереді. Бұл əдіс ағылшын тілін оқыту əдістемесінде өте кең қолданылады жəне
ағылшын тілінде шығатын бірқатар классикалық əдеби шығармалар деңгейдеңгей бойынша бейімделеді. Алайда, қазақ тілі сияқты сөйлеушісі аз тілдерде
бұл əдіс дамымай тұр [3].
«Бейімделген мəтін» термині (лат. аdaptare – бейімделу): 1. Жас ерекшелігі,
мамандығы жəне тілдік дайындығы бар белгілі бір оқырманға арналған жазба
мəтін. 2. Оқушының тілдік құзіреттілік деңгейіне сай жеңілдетілген,
оңайлатылған немесе қиындатылған мəтін [4]. Бейімдеу ұғымы тіл үйрету
əдістемесінде мəтіндерді оқушылардың деңгейіне, жас ерекшелігіне жəне оқу
мақсатына сəйкес өңдеу үдерісі ретінде қарастырылады. Шетелдік тіл үйрету
тəжірибесінде «graded readers» ұғымы кеңінен таралған. Бейімделген мəтін
оқушыны тілдік ортаға біртіндеп енгізіп, тілдік жəне мəдени кедергілерді
азайтады.
Бейімделген көркем мəтін – түпнұсқа мəтінінен алынған нұсқа, оның
түпнұсқа мəтіннен бірнеше ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар.
Бейімделген көркем мəтін жəне түпнұсқалық көркем мəтіннің ұқсастығы,
негізінен тақырыптың, сюжеттік негіздің, мазмұнның бірлігімен анықталады, ал
айырмашылықтары мəтін көлемі мен тілдік ресімдеу тəсілдеріне қатысты
болады. Бейімделген көркем мəтін оқу процесінде ғана емес, басқа да əр түрлі
мақсаттарға арналуы мүмкін [5].
Бейімдеу – бұл тілдік материалды қысқарту жəне жеңілдету ғана емес,
сонымен бірге белгілі бір шартты ескеру, яғни көркем мəтіндегі ақпаратты тіл
үйренушінің тілдік дағы мен білімімен салыстыру. Ғалым О.Н.Кулиева
бейімделуге мынадай анықтама береді: «бұл түпнұсқа мəтінді өңдеу тəсілдерінің
жиынтығы. Оның мақсаты – мəтіннің көлемін азайту жəне оның тілін білім
алушының нақты мүмкіндіктеріне, білім, білік, дағды деңгейіне жақындату»
[6,185].
Əдіс-тəсілдер. Зерттеу барысында мазмұндық талдау, салыстырмалы
талдау, лингвомəдени талдау, интерпретациялық жəне бейімдеу принциптерін
қолдану əдістері пайдаланылды. Мазмұндық талдау арқылы түпнұсқа мəтіндегі
негізгі ой айқындалып, бейімделген нұсқамен салыстырылды. Салыстырмалы
талдау мəтіндердің құрылымдық жəне семантикалық ерекшеліктерін ашуға
мүмкіндік берсе, лингвомəдени талдау мəтінде кездесетін ұлттық-мəдени
реалийлердің сақталу деңгейін анықтады. Интерпретациялық əдіс астарлы ойлар
мен метафоралардың мəнін ашуға бағытталды, ал бейімдеу принциптерін
қолдану мəтіннің мазмұндық, мəдени жəне эстетикалық тұтастығын бағалауға
негіз болды.
Талдау мен нəтижелер. Көркем мəтінді бейімдеу процесі үш негізгі
аспектіні қамтиды: лингвистикалық, мазмұндық жəне мəдени.
1.Лингвистикалық (тілдік) бейімдеу принциптері – мəтіннің лексикалық,
грамматикалық жəне стилистикалық ерекшеліктерін тіл үйренушінің деңгейіне
сай жеңілдету үдерісі. Лингвистикалық бейімделу деп лексикалық алмастыру
немесе грамматикалық трансформация арқылы мəтінді жеңілдету деп түсініледі.
Мəселен, М.Əуезовтің «Абай жолы» романынан алынған үзінділерді В1
деңгейіне сай лингвитискалық принципке негіздеп бейімдейік:
«Құнанбай өз басы бір шешеден жалғыз, бəйбішенің жалғызы. Қара
шаңырақ иесі. Қалың дəулер мен əмір, билік иесі. ...Жасқа да көп туысынан өзі
үлкен. Сол себепті, үлкен əкесі Ырғызбайдан тараған осы мына жиырма
ауылдың мынандай топтарының ішінен бірде-бір жан əлі күнге Құнанбайдың
алдынан көлденең шығып көрген емес. Тіпті, өкпеназы болса да, ашып-жарып
айта алмайтын. Ал, бірақ Құнанбай сойыл соғарды, қол қимылды, тізе мен
ызғарды керек қылған жер болса, бұл қауымның іркілетін бірі жоқ. Шоқтай
жиын – мықты топ. Жер алуда, ел алуда, оңайдан мал табуда бұлар
Құнанбайдың қабағын қалт еткізбей түсінеді...» [7].
Лингвистикалық бейімдеу процесінде төмендегі мəселелер ескерілуі тиіс:
• Лексикалық бейімдеу: сирек кездесетін, көнерген немесе кəсіби сөздерді
жиі қолданылатын синонимдермен алмастыру. Мысалы: «қара шаңырақ иесі»
тіркесін «үйдің иесі болу» деп беру.
• Грамматикалық бейімдеу: күрделі құрмалас сөйлемдерді қысқа,
қарапайым жай сөйлемдерге бөлу.
• Стильдік бейімдеу: мəтіннің көркемдік реңкін сақтай отырып, бейнелі
сөздер мен күрделі теңеулер мен метфораларды қысқарту. Мысалы: бəйбішенің
жалғызы, билік иесі, көлденең шығу, қабағын қал еткізбеу.
Ұсынылатын бейімделген нұсқа:
«Құнанбай – шешесінен жалғыз туған бала. Ол – əкеден қалған үлкен үйдің
иесі. Оның қолында көп мал, үлкен билік бар. Құнанбай ағайындының ішінде
үлкені, беделі де жоғары. Сол себепті үлкен атасы Ырғызбайдан тараған
жиырма ауылдың бірде-бір адамы Құнанбайға қарсы келмейді. Біреу ренжісе
де, ашық айтпайды. Бірақ Құнанбай бір іске көмек сұраса, бəрі бірден қолдайды.
Бұл ауылдар Құнанбайдың айтқанын екі етпейді. Жер алуда да, мал табуда да
оның көңіліне қарап, айтқанын орындайды».
2. Мазмұндық бейімдеу принциптері – көркем мəтінді тіл үйрету
процесіне ыңғайлау кезінде оның негізгі ойы мен тəрбиелік, танымдық
құндылығын сақтап, бірақ тіл үйренушіге жеңіл, түсінікті етіп ұсыну тəсілдері.
Бұл принцип төмендегідей бағыттардан тұрады:
Сюжетті жеңілдету: Ұзақ əңгімелер мен хикаяттардың негізгі сюжеттік
желісін ғана қалдырып, мазмұнға нұқсан келтірмейтін детальдарды қысқарту.
Оқиға желісін логикалық жəне түсінікті етіп құру.
Мəтіннің көлемін қысқарту: Оқушының назарын ұзақ уақыт бойы бір
оқиғаға шоғырландыру қиын болғандықтан, мəтінді оқуға ыңғайлы көлемге
келтіру.
Түсініктілікті арттыру: Белгілі бір тарихи немесе əлеуметтік контексті
талап ететін тұстарды қысқаша түсініктемелермен немесе анықтамалармен
толықтыру.
«Абай ауыл сыртындағы дөңнің үстіне шығып, ауылға көз салды. Көкірегін
толықтырған оның тынысы жаңа ауамен толды. Жазғы қоныс, ұзын көштің
алдыңғы легі болып, əлі-ақ сарылатын ауылдың үйлері тізілген. Көштің
артындағы екі-үш ауылдың ілбіп келе жатқан белгісі таянып, шаң бұрқырайды.
Оның көзіне ауылдың ортасындағы əкесі Құнанбайдың ақ үйі, үйдің алдындағы
қараша үйлер, Қоңыркөк ала жіпті желіні, қозы-бұзау, жас төлдердің
тірішілігі көрінді. Абай осының бəріне қарап тұрды. Оның жанындағы Ербол
оған қарап тұрып, Абайдың көңіліндегі сырды ұққандай болды» [7].
Ұсынылатын бейімделген нұсқа:
«Абай төбеге шығып, ауылға қарады. Ол терең тыныс алып, таза ауаны
жұтты. Жазғы қонысқа ауыл көшіп келе жатты. Алдыңғы ауылдардың үйлері
көрінеді, ал артындағы ауылдардан шаң көтеріліп жатты.
Абай үйінің ортасында тұрған əкесі Құнанбайдың ақ үйін көрді. Үйдің
алдында қара үйлер тұр. Сол жерде қозылар мен бұзаулар жатыр. Абай бəріне
қарап тұрды. Оның досы Ербол Абайдың жанында тұрды. Ол досының не ойлап
тұрғанын түсінгендей болды»
Мазмұндық аспектідегі өзгерістер ретінде қысқарту əдісі қолданылды.
Яғни, түпнұсқадағы "көкірегін толықтырған оның тынысы жаңа ауамен толды",
"ұзын көштің алдыңғы легі болып, əлі-ақ сарылатын" сияқты күрделі əрі
сипаттамалық сөйлемдер алынып тасталды. Оның орнына "Ол терең тыныс
алып, таза ауаны жұтты" жəне "Жазғы қонысқа ауыл көшіп келе жатты" деген
қарапайым сөйлемдермен алмастырылды. Оқиға желісі тікелей əрі жеңіл
баяндалады. Мəтіннің негізгі ой, яғни Абайдың ауылға қарап тұрғаны жəне оның
досы Ерболдың оның жағдайын түсінгені туралы мазмұн сақталды.
3. Мəдени бейімдеу принциптері
Бейімдеу – бұл тек еркін аударма немесе көлемді азайту ғана емес, ол
мəтіннің мəдени жəне коммуникативтік қызметін сақтап, жаңа ортаға үйлестіру.
Мəдени бейімделу лингвомəдениеттану ақпаратының экспликациясына
бағытталған, ол əлеуетті оқырманға беймəлім болуы мүмкін. Түсіндіру
барысында интерпретатор күрделі мəселені шешеді: бір жағынан ол мəтінді
бейімдеу қажет, ал екінші жағынан ол бастапқы мəтіннің мағынасын барынша
сақтау керек. Ғалымдардың пікірінше, шет тіліндегі мəтінді бейімдеуде мəтіннің
көлемін, синтаксистік құрылымдарды, лексика мен белгілі бір елдің мəдени
ақпаратын дұрыс бере алу қиынға соғады. Сол себепті, интерпретатор мəтінді
бейімдеу амалдарын жетік білуі тиіс [5].
Көркем мəтінде ұлттық дүниетанымға тəн көптеген реалийлер көп
кездеседі. Сондықтан бейімдеу барысында мəтіннің көркемдігімен қатар оның
мəдени-тарихи мəнін де сақтауды көздеу қажет. Одан бөлек, көркем мəтінді
бейімдеу барысында бірнеше маңызды аспектіні ескеру қажет, өйткені бейімдеу
– тек тіл ауыстыру емес, мəтіннің мəдени, эмоциялық жəне эстетикалық мəнін
толық жеткізу процесі. Мəселен,
1. Негізгі идея мен мазмұнды сақтау. Шығарманың негізгі ойы, идеясы мен
оқиғалар желісі өзгермеуі керек. Автордың стилін, ой тереңдігін, эмоциялық
реңкін жоғалтпау – басты шарт.
2. Мəдени контексті ескеру. Мəтіндегі дəстүр, салт, тарихи деректер,
символдар сияқты элементтерді бұрмаламай жеткізу. Мысалы, қазақ эпосындағы
«құда түсу», «жар-жар айту» секілді мəдени элементтерді сақтап, қажет болған
жағдайда түсініктеме қосу.
3. Оқырманға түсініктілік. Мəтінді мақсатты аудиторияға түсінікті қылып
бейімдеу: күрделі немесе көнерген сөздерді түсініктемемен беру;мəтіннің
құрылымын жеңілдету, бірақ мағынасын жоғалтпау.
4. Эмоциялық-эстетикалық əсерді сақтау. Түпнұсқаның эмоционалды
əсері мен көркемдік құндылығы сақталуы тиіс. Мысалы, поэтикалық мəтінде
ырғақ, метафоралар мен дыбыстық үйлесімдер ескеріліп берілуі керек.
5. Символдар мен метафораларды дұрыс жеткізу. Автор қолданған
символдар мен метафораларды мүмкіндігінше дəл бейнелеу немесе эквивалентін
табу.
6. Аудитория ерекшелігін ескеру. Мəтінді кім оқитыны маңызды: балалар,
жасөспірімдер, ересектер немесе шетелдік оқырмандар.
Мысал үшін «Абай» жолы романының бір үзіндісін қарастырайық,
«Абай атының басын өзгелерден оздырыңқырап кеп, қос молаға көз
жіберіп, үнсіз тұрып қалды. Көз ашылар бар ма, сірə, бұл дерттен!?-деп қайнай
сөйлегенде, кесек жүзіне діріл кіріп, көздері да намыскер ызадан жасаурап
кетті. Салған жерден ауызға алып, қиянаттап, айыптап сөйлегені жалғыз
Абай болды. Аяғы, «ауыл итінің құйрығы қайқы» дейсің де, түңілесің де
тоқтайсың. Жуан ауылдың сотқар малайы, өзі ожар, доғал жас, тегінде,
Оспан «шаш ал десе, бас алғандай» іс ететін. Өзге Құнанбай атаулының бұл
сағаттардағы «сағым сынды», «бағыма нұсқан келді» деген беймаза
байбаламын Абай түсінсе де, өз бойына дарыптаған. «Мұқаттым» деп, «қара
жерге отырттым» деп қара борандатып Оразбай, Жиреншелер кеткенмен де,
өзінің бұл күндегі ісіне, еңбегіне ойы берік, бойы бекем Абай селт етіп,
шіміріккен жоқ.Нұрғанымды білетін, Құнанбайға өші-кегі бардың бəрі де дəл
осы арада бүркіті түлкі алғандай мəз болысып, жымың қағысты. Мен саған
жағынушы емеспін, қытығыма тиіп кетсең, қауып алатын аузым да бар
дегендей бір қыр да көрсетті. Бұл кезде Базаралыға еті үйреніп айтқан сөздер
Мағаштан, Шұбардан, Ақылбайдан да кезек шығып отырған. Базаралыға да
сезімтал Абай қауымы ем тауып, сынығын сылап тұрғандай. Сондай есептен
тыс көмек-достық көрген сайын қанатым жетіліп отырғандай болады, - деді.
Дауылды күні лайланған суық жайқын көбік атып толқын ұрса, ортасында
кішкентай көк жасыл арал қандай көз тартар еді. Бұл да сол ессіз көл ішінде
көздей ғана бір мекен екен» [2].
Ұсынылатын бейімделген нұсқа:
Абай атының басын алға оздырып, қос молаға ұзақ қарап, үнсіз тұрды.
Ішіндегі ыза мен өкініш жанын кернеп:
— Көз ашылар бар ма бұл дерттен?! – деп күйініп сөйледі. Жүзі дірілдеп,
намыс пен ашудан көзі жасаурап кетті.
Осы сəтте ашық айтып, əділетсіздікті бетке басқан жалғыз Абай еді.
Басқалар үнсіз қалған. «Ауыл итінің құйрығы қайқы» дегендей, əділетсіздікке
қарсы шығу қиын екенін түсініп, ол да іштей түңілді.
Жуан ауылдың сотқар малайы Оспан – дөрекі де ойсыз жас, «шаш ал десе,
бас алатын» бірбеткей мінезді еді. Құнанбай əулетінің «сағым сынды» деген
байбаламын Абай түсінсе де, оған берілмеді. Оразбай мен Жиреншелер
жеңістің буымен мақтанса да, Абай өз ісінің дұрыстығына сенімді, ойы берік,
бойы бекем болды.
Құнанбайға өші барлар бұл жағдайға мəз болып, бүркіті түлкі алғандай
қуанып жатты. Абай болса, «жағынушы емеспін, қытығыма тисең, қарсы
тұрамын» дегендей мінез көрсетті.
Базаралыға да, оның маңындағы Абайдың жақындарына да өзара сенім мен
достық пайда болған. Олардың шынайы қолдауы Абайға күш беріп, үмітін
арттыра түсті. Сол сəттегі көңіл-күйін ол дауыл көтерген лайлы көл
ортасындағы жасыл аралға теңеді: кең дүниеде жалғыз сүйенер мекен
табылғандай əсер етті.
*«Ауыл итінің құйрығы қайқы» – мақал-мəтел, əр адамның кемшілігі
болады, ешкім мінсіз емес, əркімнің бір «ақсағы» табылады деген ойды білдіреді.
*Шаш ал десе, бас алу – тұрақты сөз тіркесі, тым асыра сілтеу, артық кету,
артығымен істеу деген мағынаны береді.
*байбалам – қатты абыржу, үрейлену, уайымдап дауыстап айқайлау дегенді
білдіреді.
Мəтін мазмұндық бейімдеу принципіне сай орындалды:
Оқиға желісі мен негізгі идеясы сақталды.
Күрделі сөйлемдер ықшамдалды, ауыр сөздер жеңілдетілді.
Эмоциялық əсер жоғалмады.
Оқырманға түсінікті əрі жеңіл қабылданатын мəтін пайда болды.
Қорытынды. Көркем мəтінді бейімдеу – қазақ тілін үйретудің маңызды
əдістемелік құралы. Ол оқушының тілді меңгеруін жеңілдетіп қана қоймай, қазақ
халқының мəдениеті мен дүниетанымын дұрыс түсінуге жол ашады. Бейімдеудің
тілдік, мазмұндық жəне мəдени принциптерін үйлестіре қолдану оқу үдерісінің
сапасын арттырып, тіл үйренушілердің ынтасын күшейтеді.
Қазақ тілін үйретуде көркем мəтіндерді тиімді қолданудың маңыздылығы
бұл зерттеудің негізгі өзегі болды. Зерттеу барысында көркем мəтіндердің
күрделілігіне қарамастан, оларды тілдік, мазмұндық жəне мəдени тұрғыдан
бейімдеу арқылы оқыту процесін айтарлықтай жеңілдетуге жəне қызықтыруға
болатыны дəлелденді. Бейімдеудің əр аспектісіне толық талдау жасалып,
М.Əуезовтің «Абай жолы» романынан алынған үзінділер арқылы олардың
практикалық жүзеге асырылуы көрсетілді.
Тілдік бейімдеу арқылы күрделі грамматикалық құрылымдар мен
архаикалық лексиканы оқушының деңгейіне сай қарапайым етіп өзгертуге
болады. Мазмұндық бейімдеу арқылы мəтіннің негізгі сюжетін, идеясын жəне
тəрбиелік мəнін сақтай отырып, оның көлемін ықшамдауға жəне оқушыға
түсінікті етуге мүмкіндік бар. Мəдени бейімдеу арқылы ұлттық дəстүрлер, салтдəстүрлер мен символдық ұғымдарды толықтырмалар мен түсініктемелер
арқылы оқырманға дұрыс жеткізудің маңыздылығы айқындалды.
Бұл зерттеу қазақ тілін оқыту əдістемесіндегі жаңа бағыттарды дамытуға
үлес қосады. Көркем мəтіндерді бейімдеу принциптерін қолдану арқылы қазіргі
заманғы оқу-əдістемелік құралдарды (мысалы, комикстер, бейімделген кітаптар)
жасауға болады. Бұл тіл үйренушілердің оқуға деген ынтасын арттырып,
олардың қазақ тілі мен мəдениетіне деген қызығушылығын тереңдетеді.
Болашақта бұл əдістемені оқу бағдарламаларына енгізу жəне оқушының
деңгейіне қарай бейімделген көркем шығармалардың тұтас сериясын құру қажет.
Бұл қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту сапасын арттыруға септігін тигізеді.
ƏДЕБИЕТТЕР
1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен əдістемесі. –Алматы, 2000.
2. С.М. Иманқұлова, Н.Ж. Егізбаева ТЫҢДАЛЫМ МƏТІНДЕРІН ІРІКТЕУ
ЖƏНЕ ОЛАРДЫ БЕЙІМДЕУ ТҮРЛЕРІ.
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v181.i1.ph18
3. Игенова А.А., ТөлеубаеваК.А. Бейімделген көркем əдебиеттің
қалыптасуы мен дамуы: əдебиетке шолу// Ясауи университетінің хабаршысы.–
2025.–No1(135). –Б. 213–222. https://doi.org/10.47526/2025-1/2664-0686.157
4. Азимов Э.Г., Щукин А.Н. Новый словарь методических терминов и
понятий (теория и практика обучения языкам). – М.: Издательство ИКАР, 2009.
Бим-Бад Б.М. Педагогически.
5. Г.Ж. Искакова, А.М. Жиеналина. БЕЙІМДЕЛГЕН КӨРКЕМ МƏТІН:
МƏТІНДІ ИНТЕРПРЕТАЦИЯЛАУ ТƏСІЛДЕРІ.
https://ulagat.com/2020/12/02/бейімделген-көркем-мəтін-мəтінді-инт/
6. Кулиева О.Н. К проблеме отбора учебных текстов по специальности для
неязыковых вузов / отв. ред. Н.П. Баранова // Непрерывное обучение
иностранным языкам: опыт и перспективы: матер. докл. Междунар. науч.-практ.
конф., Минск, 21-22 декабря 2004 г.: в. 2 ч. – Ч. 2. – Мн.: МГЛУ, 2004. – С. 184-
187.
7. Əуезов М., Абай жолы романы, 1 том, -Алматы: Жазушы, 2002
8. Əуезов М., Абай жолы романы, 2 том, -Алматы: Жазушы, 2002